Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов шетелдіктердің елімізде кіру және болу рәсімдері жеңілдетілгенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ішкі істер министрлігі көші-қон бақылауын қамтамасыз ету шараларын қабылдап жатқаны белгілі болды.
"Жалпы, қазір шетелдіктерге қолайлы жағдай жасалған. Олардың елге кіру мен болу рәсімдері жеңілдетілді. 87 мемлекеттің азаматтары визасыз кіре алады. Электрондық виза 107 елдің азаматтарына қолжетімді", – деді Бауыржан Әленов.
Оның айтуынша, 2020 жылдан бері Қазақстанға келетін шетелдіктер уақытша тіркеуден босатылды.
"Бұрын 5 күн ішінде есепке тұратын. Қазір олардың келгені туралы қабылдаушы тарап "Е-Қонақ" қосымшасы арқылы хабарлауға міндетті. Биыл 900 мыңнан астам өтініш түсті. Тіркеу тәртібін сақтамағаны үшін 14 800 адам жауапкершілікке тартылды", – деді ІІМ өкілі.