7 қазаннан кейін бірінші рет Газа секторынан кем дегенде 320 шетелдік азамат кетті, деп хабарлайды inbusiness.kz, The Jerusalem Post басылымына сілтеме жасап jpost.com.
Басылымның хабарлауынша, Египетке Газа секторының жалпы 76 жараланған тұрғыны, сондай-ақ, 335 шетелдіктер мен қос азаматтығы бар палестиналықтар келген.
Эвакуацияланған шетелдіктердің қатарында АҚШ, Ұлыбритания, Италия және Франция азаматтары, сонымен қоса, Газаның ондаған ауыр жараланған тұрғындары бар. Олар Египет, Израиль және Хамас арасындағы Катардың делдалдығымен жасалған келісімнің арқасында Египет шекарасындағы Рафах шекара өткелін қолданды. Алғашқы эвакуацияланған шетелдік азаматтар Каир қаласына барып, сол жерден ұшып кетеді.
Египеттің Денсаулық сақтау министрлігі эвакуацияланған 16 медицина қызметкерін Синайдың солтүстік аймағындағы ауруханаларға, 11-ін Аль -Аришке және бесеуін Бир-эль-Абдқа ауыстырғанын хабарлады. Сонымен қатар, Египет Газадан эвакуацияланғандарды емдеу мақсатында Рафахтан 15 шақырым жерде орналасқан Шейх Зувейд далалық ауруханасын дайындады.
АҚШ әкімшілігінің мәліметтері бойынша, бірнеше американдық азаматтар Газа секторынан Рафах бақылау бекеті арқылы Египетке келген. Бұл туралы Вашингтонда АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Мэттью Миллер хабарлады.
"Біз АҚШ азаматтарының және басқа да шет мемлекеттердің сапарлары алдағы күндері жалғасады деп болжап отырмыз", деп мәлімдеді Миллер.