Шетелдіктерге жарамдылық мерзімі өткен құжаттармен жүруге рұқсат етілді

830

Өзге елден келген азаматтар құжаттарын айыппұлсыз ауыстыра алады. 

Шетелдіктерге жарамдылық мерзімі өткен құжаттармен жүруге рұқсат етілді

Елімізде биылғы жылдың 12 мамырынан бастап төтенше жағдай аяқталғаннан кейін 2 айға өтпелі кезең енгізіледі. Осы уақытта шетелдіктердің әрекет ету мерзімі аяқталған бірқатар құжаттары өз күшінде қалады. Бұл туралы Алматы қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметі хабарлады. 

"Төтенше жағдай және карантин кезінде Қазақстан Республикасының аумағында уақытша болған және белгіленген мерзімде елден шыға алмаған шетелдіктер үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте қарастырылған санкциялар қолданылмайды. 2020 жылдың 10 шілдесіне дейін олар қосымша құжаттарды толтырмай-ақ Қазақстан Республикасынан шыға алады. Соттың шығарып жіберу туралы шешімдері бар адамдар 2020 жылдың 10 шілдесіне дейін елден шығуға міндетті.  Қазақстан Республикасында қалғысы келетін шетелдіктер мерзімі өтіп кеткен құжаттарды ауыстыруға, сондай-ақ олардың заңды мәртебесін реттеуге құқығы бар", – деді, Алматы қалалық ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Асхат Бутунчинов.

Сонымен қатар, еңбек мигранттары ел аумағынан шықпай-ақ патентке өтініш бере алады. Бұл ретте шетел азаматтары өтініш тапсыру мерзімін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. 

"Өтпелі кезең аяқталғаннан кейін, яғни, 2020 жылдың 11 шілдесінде Қазақстан Республикасындағы құқықтық мәртебесін заңдастырмаған шетелдіктерге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес шаралар қолданылады", – деп хабарлады Полиция департаменті баспасөз қызметі. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу