Шетелдіктермен некелескен азаматтарға жер берілмейді

690

Шетелдіктермен некелескен азаматтарға жер берілмейді

Бұл туралы бүгін ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев мәлімдеді, деп хабарлайды 24.kz.

Мәжілісте заң жобасын таныстырған министрлік өкілінің айтуынша, шекаралық белдеу және шекара аумағында орналасқан жер телімдерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдар мен шетелдіктердің үлесі бар компанияларға жалға беруге тыйым салынады. Яғни 1 пайыз болса да шетелдіктің үлесі бар отандық компания мұндай мүмкіндіктен қағылады. Ал шекара белдеуінде орналасқан ауыл шаруашылығы жерлері жекеменшікке де, жалға да берілмейді. Алайда жергілікті халық сол жерге мұқтаж болса, онда жайылым, шабындық ретінде ғана пайдалануға рұқсат етіледі.

"Мына заң жер комиссияның 11 шешімімен дайындалған. Біріншіден, жер 5 жылда ешкімге сатылмайды. Жекеменшік болмайды. Екіншіден, тек Қазақстан азаматына 49 жылға дейін жалға беріледі. Бергенде үкімет бақылайды. Үшіншіден, әр ауылдың аумағында нақты радиустың ішінде жайылым жер ешкімге жалға берілмейді. Яғни амандық болса, малға жайылым жер болады", – дейді Болат Тайжан атындағы қордың президенті Мұхтар Тайжан.

"Қазіргі таңда жайылым жердің 90 пайызы жалға берілген. Сондықтан оны алатын механизм де жеңіл. Біз анализ жасап көргенбіз. Қай елдімекенге қанша жайылым жер жетпейді. Оның жайлауға шығатын жері есептеліп жатыр. Елдімекендерге шамамен 27 млн жайылым жер керек деп есептеп отырмыз.

Бұдан былай бір адамға мыңдаған гектар жер берілмеуі қатаң қадағаланады. Осыған сәйкес, әр облыс, қала берді ауданда әрбір азаматқа жалға берілетін жердің шектеулі нормасы бекітіледі. Сонымен қатар заң жобасы ауыл шаруашылығы жерін конкурстық негізде ғана жалға беруді көздеп отыр.

"Жер бөлумен жергілікті атқарушы органдар айналысады. Олар осы жерді алған жағдайда жалға берердің алдында тиісті жұмысты атқарып, конкурстық деңгейде өткізеді. Жерді бақылау мәселесі қолға алынып отыр. Яғни 5 жылдық мониторинг жүргізіледі. Жыл сайын тексеріледі. Әрі қарай 3,5 жылда ол жерді тиісті қызмет қарайтын болғаннан кейін жердің құнарлылығы төмендеген жағдайда тиісті шара қолданылады", – дейді мәжіліс депутаты Берік Оспанов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу