Шетелге барып жұмыс істемек болған 80 азамат жер сипап қалды

519

Шетелге шықпай-ақ, шығынға батты.

Шетелге барып жұмыс істемек болған 80 азамат жер сипап қалды

Таразда Англияға барып, жұмыс істемек болған 80 азамат жер сипап қалды. Өйткені олар компания шотына 40 млн теңгені оп-оңай аудара салған. Сайып келгенде, 4 айдан бері не құйған қаржы, не жұмыс жоқ. Ал компания өкілдері соңғы 1 айдан бері тіпті ізім-ғайым жоғалған. "Қылмыстық іс неге қозғалмайды?" деп қапаланған олар бүгін полиция департаментінің алдында айқайға басты.

Табыс табам деп, тақырға отырған бұл топ 6 облыстан жиылған. Бәрі тұманды альбионға барып, қыруар қаржыға қарқ боламыз деп үміттеніпті. Бірақ Англиямен аң-таң еткен компания түбі алдап соқты деп күйінеді. Өйткені қаржысы құйылған, құжаты әзір іс 4-5 айдан бері қозғалыссыз тұр. Ал жиған-тергенін жұмысқа жинаған жұрт енді жер сипадық деп жыларман.    

"Енді 500 мың, 300 мың, әркімнен қалай  алдыра берсе, ала берген. Біреулер 2 млн 200 мың беріпті. Визаға 50 мың тг тағы төлейсіздер деді", - дейді Түркістан облысының тұрғыны Төрежан Шералыхан.

Алданғанның алды 300, арты 2 млн тг-сін қолма-қол компанияға санап берген. Бұған барып-келуі, жатар орны, құжат әзірлеуі кіріпті. "Айына кемі млн табасың" - деп уәдені үйіп-төккен компания 1 айдан бері мүлдем із суытқан.

"Алаяқтық қой енді! Бүкіл елдің ақшасын алып-алып, не кеткеніміз жоқ, не келгеніміз жоқ! Кредит алып, төлеп жатырмыз оны. Процентке алғандар бар. Бүгін кетесің, арғы күні кетесің, сонымен әлі?! Осыншама халық сол алдаумен келе жатыр", - дейді Тараз қаласының тұрғыны Назира Тайкиева.

Серіктестікке бас-аяғы 150-ден астам адам алдандық дейді. Әрқайсысы түрлі маман иелері. Қымбатшылық қысқан соң, 6 айға шетел аспақ болған. Арасында Астана мен оралдықтар да жүр. Компания ресми түрде Таразда тіркелген соң, ат терлетіп мұнда келіпті.

"Бұлардың бәрі кедейлер. Жетіскеннен шетел асып, жұмысқа кетіп жатқан жоқ. Алаяқтар соңғы тиынына дейін тартып алып отыр.  Біз бұл жазаны күшейтуді талап етеміз!" - дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Бақытжан Алдабергенов.

Кепіл хатта жұмысшы шетел аспаса, қаржы 3 күнде қайтады делінген. Бірақ 3 ай өтті деп күйінеді. Енді жарнамасы жер жарған компанияның аты да, заты да, тіпті сайты да жоқ дейді. 

Шағыммен шулатқан компания дәл осы кабинетте жайғасқан. Көргендеріңіздей есік құлыптаулы. Мұны ғимарат әкімшілігі де қоштайды. Өйткені соңғы 3айда төлемді кешіктірген. Соңғысын мүлдем өтемепті. Сөздерінше компания ғимаратты жалға алып келгелі 4 жылға жуықтапты.  

Полиция департаменті соңғы айда арыздың артқанын айтады. Барлығы бір серіктестік атына түскен. Енді серіктестік шоты бұғатталмақ. Сосын алаяқтық бабы бойынша іс қозғалды.

"Жамбыл облысында тіркелген ТОО-ның атына адамдар ақшаларын берген. Шетелде жұмысқа тұрғызу деген себебімен. Сол бойынша қазіргі таңда бізде ҚК 190-шы бабымен, ҚК тіркелген. Қазіргі таңда қылмыстық іс тергелуде", - дейді Жамбыл облыстық ПД бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Алмас Саламатов.

Тергеу амалы кемі 2-3 айға созылмақ. Ал сыртқы істер министрігі мұндай алдау фактісі биылдыққа алғашқысы деп отыр. Айта кетейік, Англияға былтыр елден 1655 жұмысшы аттанса, биыл дерек 2700-ге артқан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу