Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев қайтыс болған және елден көшіп кеткен зейнеткерлерге төленген қаражатқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұған дейін аудиторлар 2020-2024 жылдары қайтыс болған және елден көшіп кеткен зейнеткерлерге жалпы сомасы 21 млрд теңгеге зейнетақы төленгенін хабарлаған болатын. Тілшілер ақша бюджетке толық қайтарылды ма деп сұрады.
"Жоғары аудиторлық палата өзінің қорытындысында 21 млрд теңге деп көрсетті. Негізінен бұл 20,85 млрд теңге. Қаржыны шетел азаматы болып саналатын 67 мың зейнеткер алған. Соның ішінде 57 мың зейнеткер бойынша 13,5 млрд теңге қаражат қайтарылды. 517 млн теңге соттың шешімімен жойылды, себебі 120 шетел азамат қайтыс болды. Қазір 4400 адамдай қалды. Олардың берешегі 6 млрд теңгені құрайды. Бұл іспен мемлекеттік корпорация айналысып жатыр", – деді Асқарбек Ертаев Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.