"Шетелге шығармай-ақ қойсын": Депутат жеке сот орындаушыларының кей шектеулері әділетсіз екенін айтты

258

Халық қалаулысы бірнеше мәселе көтерді. 

"Шетелге шығармай-ақ қойсын": Депутат жеке сот орындаушыларының кей шектеулері әділетсіз екенін айтты Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев жеке сот орындаушыларының жұмысындағы олқылықтарға қатысты сұрақ қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Мысалы, зейнеттегі адамдарға келсек. Жеке сот орындаушы материалды алады. Содан кейін ол кісінің зейнет жасындағы адам екенін түсінеді. Бірақ сонда да есепшотын жауып тастайды, ал зейнеткер ақшасын ала алмай жүреді. Заңгерді жалға алу керек, онымен жұмыс істеу керек, ақшаға шығындалады. Сот орындаушы білмей қалдым деп өтірік көлгірсиді. Зейнеттегі адам екенін көріп тұр ғой. Содан кейін барады да зейнеттегі адамдарды қинайды. Екіншіден, бізде кірістің 50 пайызы немесе ең төменгі күнкөріс мөлшері, яғни 50 мың теңге сақталуы керек. 50 мың теңге өмір сүруге жете ме, жетпей ме, қалай ойлайсыз? Үшіншіден, борышкердің  жағдайы қиын екенін түсінеді, бірақ барлық шектеуді қолданады. Жарайды, шетелге шығармай-ақ қойсын, есепшотын бұғаттасын. Бірақ енді көлік жүргізу мүмкіндігінен айырады ғой. Жас жігіттер қиналып жүр, жеке сот орындаушылары ақша табуға мүмкіндік бермейді. Қалай ақша табады сонда? Миға қонбайтын нәрсе", – деді Анас Баққожаев.

Депутаттың сауалына Жеке сот орындаушылары палатасының төрағасы Нұржан Арынғазинов жауап берді.

"Шынымен де, бізде осындай мәселе бар. Сот орындаушы банк шотына арест қойған кезде ол шынымен де қандай ақша екенін, айлық па, зейнетақы ма, оны көрмейді. Бізге ондай ақпаратты банк бермейді. Сондықтан да халыққа арнайы шот ашып, ақшаны соған салу керек екенін айтамыз. Арнайы шотқа ешқашан арест қойылмайды. Екінші мәселеге келсек, егер де сот орындаушы шектеу немесе арест қоймаса, оның үстінен қарайтын Әділет органдары, Бас прокуратура жауапкершілікке тартады немесе лицензиясынан айырады. (...) Жұмыс істеп, жалақы алсаңыз, мобильді қосымша арқылы бізге тиісті құжаттарды жіберіңіз, біз бүкіл арестті шешіп береміз, тікелей бухгалтерияға жіберу бағытындағы жұмысты жасап жатырмыз. Осы жұмыстың арқасында 150 мыңнан адамның мәселесін шешіп бердік. Әрі қарай да бұл мәселе біздің бақылауымызда болады", – деді спикер. 

Мәжілісмен өзінің сұрағын нақтылап қойды.

"Зейнеткер екенін білмей қалды деген қалай өзі? Ақпараттық жүйелер дамыған. Адамның туған жылы көрінеді, зейнет жасқа шыққан фактісі бар. Қалай білмей қалатынын түсінбедім. Ақпараттық жүйе қайда сонда?", – деп атап өтті Анас Баққожаев.

Нұржан Арынғазиновтің сөзінше, зейнетақы жалпы шотқа түседі. Палата осы мәселені бақылауға алып, интеграция жасайды.

Айта кету керек, бұған дейін алименттің жұмсалуына қатысты есеп беру тетігі пайда болуы мүмкін екенін жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу