Анасының айтуынша, Рашид 2024 жылы ешкімге ескертпестен Түркияға жұмыс іздеп кеткен. Біраз уақыттан кейін белгісіз нөмірден хабарласып, Грекияда қамауға алынғанын айтқан.
"Ұлым Түркияға жұмысқа орналасамын деп кеткен. Оның кеткенін кейін ғана немеремнен білдім. Арада бірнеше ай өткен соң телефон шалып, Грекия түрмесінде отырғанын айтты. Жұмыс ұсынамыз деген адамдар алдап, қылмыстық іске араластырып жіберген. Сот оған 125 жыл жаза тағайындады. Қазір істі қайта қарайтын тағы бір сот өтеді деп күтіп отырмыз. Баламызды елге қайтаруға көмектессе екен деп Сыртқы істер министрлігіне де өтініш жолдадық", – дейді Нұрхан Қадырова.
Оның сөзінше, ұлы әлеуметтік желідегі жұмыс туралы хабарландыруға сеніп қалған. Тіпті жол шығынын да жұмыс берушілер төлеп берген.
"Ол бұрын-соңды шетелге шықпаған, ағылшын тілін мүлде білмейді. Тек қазақ және орыс тілдерінде сөйлейді. Түркияда туристерді тасымалдаймын деп ойлаған. Кейін олардың заңсыз мигранттар екенін білген. Грекияда ұсталған кезде қорыққанынан құжаттарға не жазылғанын түсінбей қол қойған. Қазір ол жақта Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан азаматтары да жазасын өтеп жатыр. Баламның тағдырына алаңдап отырмыз", – деді анасы.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл жағдайдан хабардар екенін мәлімдеді. Ведомствоның мәліметінше, Рашид Қадыров Грекия заңнамасы бойынша заңсыз мигранттарды тасымалдады деген айыппен сотталған. Қазіргі уақытта Қазақстан дипломаттары оған консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр, ал мәселе министрліктің бақылауында.