Шетпе ауылының тұрғындары техникалық базаға қарсы

806

Маңғыстау облысының Шетпе ауылының тұрғындары ұзақ жылдар бойы үй іргесінде техникалық базадан қиындық көріп келеді.  

Шетпе ауылының тұрғындары техникалық базаға қарсы

Денсаулықтарына зиян тигізген жүк көліктерін жөндейтін орын экологияға да зардап әкеліп отыр. Шетпеліктердің тұрғын үйлері мен техникалық база арасы 20 метр жер ғана. Мұнда жүк көліктері жөнделеді. Екі ортадан өтетін ауыр техника жолдардың тоз-тозын шығарған. Соның салдарынан халық үш жылдан бері шаңнан қысы-жазы терезелерін аша алмай қалған. Ауылдың үлкен-кішісі аллергияға шалдыққандарын айтады.

Шетпе ауылының тұрғыны Гүлжан Түкіменбаеваның айтуынша, көліктерге құятын жанар-жағар майлар сақталып, көлік жөнделетін база денсаулыққа, бала-шағаның қауіпсіздігіне кері әсер етуде. Жаз бойы терезені аша алмай, түтін мен шаңнан сақтанған.

"Шілде айында әкімдікке барған кезде бір айдың ішінде көшіріледі. Ауыл шетінен жер беріледі деген. Одан бері міне бірнеше ай өтті, әлі нәтиже жоқ", – дейді. Гүлбану Жаңбырбаева.

Көпшілік базада жанар-жағар май сақталатынына ашулы. Оның қалдығы көшеге төгіліп, техникалық қауіпсіздік сақталмайтын көрінеді. Ал экология департаменті техникалық база ауылдан қашыққа көшірілуі тиіс екенін нақтылады. Бірақ база өкілі, нысанның құжаты дұрыс әрі заңға сай жұмыс істеп отырғанын жеткізді.

"Аудандық әкімдіктен цемент зауытына жақын жерден бізге жер беріңіз деп сұрадық. Мәселесін жақында шешеміз деген еді. Шешіліп те қалған шығар. Бәрі солардың жер беруіне байланысты болып тұр. Олай етпесе жүргізіп отырған кәсібімізді жауып тастай алмаймыз", – деді "Евразия" базасының өкілі Берік Сәдуов.

Ал жергілікті әкімдік базаны көшіру үшін жұмыстанып жатырмыз деп сендірді. Алайда тұрғындар билік тым сылбыр қимылдайды деп санайды.

"Ауылдың шетінен жер белгіленді. Қазір көшіру жұмыстарын дайындап жатыр. Себебі құр жерге көшуге мүмкіндігі болмайды. Коммуникациясын тарту керек, газ, жарық жеткізіп беруіміз қажет", – дейді Шетпе ауылы әкімінің орынбасары Аман Ордабаев.

Осыған дейін әкімдік ұсынған жер кәсіпкерге ұнамаған. Сондықтан басқа жер телімін қарастырып, көшіру жұмысы тұралап қалған. Ал ашынған халық бұл мәселе шұғыл түрде шешілмесе, облыс әкіміне баруға дайын.

Алмас Қылыш

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу