Шиеліде көптен күткен аспалы көпір салынып жатыр

3493

Көпір екі жолақты болмақ. Ұзындығы – 70, ені – 9, биіктігі 7 метр болады.

Шиеліде көптен күткен аспалы көпір салынып жатыр

Шиелі кентіне кіре берістегі теміржол өткелі жанынан аспалы көпір салынуда. Аспалы көпір салу жергілікті халықтың көптен бері көтеріп жүрген мәселесі. Пойыз жүргенде бұл маңда ұзын-соңар кептеліс пайда болатын, бұл қала берді адам өміріне қауіпті де еді.

"Көпір бітсе мұндай кептеліс болмайтын шығар. Әйтпесе тұрамыз жарты сағат, екі пойыз келсе тіпті 1,5 сағаттай тұратын кезіміз болады. 100 шақты машина мына басы мен ана басына өтеді, қиындап қалды жүру деген", – дейді ауыларалық автобус жүргізушісі Самат.

Енді бұл мәселеде көп ұзамай шешімін табады. Теміржол көпірі жанынан аспалы көпір салуға "Жұмыспен қамту жол бағдарламасы" аясында қомақты қаржы бөлінді. Көпір екі жолақты болмақ. Ұзындығы – 70, ені – 9, биіктігі 7 метр болады. Қазір мұңда 70-ке жуық адам жұмыспен қамтылған.

"Құрылыс материалдары, мәселен темір бетон конструкторлары, балка және тағы басқалары Алматыдан келіп жатыр. Цемент жергілікті "Шиелі цемент зауытынан" жеткізілуде. Жұмысшыларды да жергілікті жұмыспен қамту бөлімінен сұрау беру арқылы шақырдық. Негізгі мамандар өзіміздің компаниядан мостовик, бригадир, жол бригадирлері", – деді учаске басшысы Нұрбол Ұлықбеков.

Мердігерлер нысанды 10 желтоқсанға дейін пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

Тағы бір қуанышты жаңалық, аудандағы Жөлек ауылындағы Сырдария өзеніне де жаңадан қалқымалы көпір салынды. Бұрынғы өткелдің қайықтары ескіріп, істен шыққан болатын. Ол кездері дарияның арғы бетіндегі тұрғындар жандарын шүберекке түйіп өтуден басқа амалдары қалмаған еді. Жергілікті билік тұрғындар ұсынысын дереу қолға алып, өтініштерін орындап берді.

"Енді 10 тоннаға дейін Камаздар да өтуге болады дейді. Екі ауылдың халқы риза болып жатыр. Өте сауапты іс болды. Жаңа көпір елдімекендерге қатынауға ыңғайлы, дарияның арғы жағындағылар көбінесе мал шаруашылығымен айналысады. Сондықтан шөп тасуға да ыңғайлы", – дейді ауыл тұрғыны Алтынбек Сақтағанов.

"Бұл көпір Жөлек пен Жуантөбе ауылын байланыстырады. Ұзындығы 80 метр, пантонға 32 қайық орнатылған. Бұрынғысында 20 қайық болатын", – деді Жөлек ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Аңсар Мұсабаев.

Ауданда мұнан бөлек Жиделі арық ауылында 150 орындық клуб, аудандық тарихи өлкетану мұражайына қосымша ғимарат салу, әлеуметтік нысандарды қайта жаңғырту, абаттандыру, жарық шамдарын орнату секілді ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Айта кетер жайт, биыл Шиелі ауданына "Жұмыспен қамту жол картасы" бағдарламасымен 3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бағдарлама аясында 21 жоба жүзеге асырылып, 681 жаңа жұмыс орны ашылатын болады.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу