Шиелідегі зауытта Ухань тұрғындары жұмыс істеген

5596

Цемент зауытының қытайлық жұмысшылары шекараның жабық болуына байланысты елімізге қайта келген жоқ. 

Шиелідегі зауытта Ухань тұрғындары жұмыс істеген

Әлемді запы еткен коронавирустің қаупі Қызылорда тұрғындарын да  алаңдатып отыр. Шиелі ауданындағы "Гежуба Цемент" зауытындағы қытайлық жұмысшылар вирустың ошағы болған Ухань қаласының азаматтары көрінеді. Жергілікті жұмысшылардың айтуынша, ұжымдағы 200-ден астам адамның  төрттен бірі Қытай азаматтары болған. Осы ақпараттың анық-қанығын білу үшін Inbusiness.kz Шиелі ауданы әкімдігін сауал жолдаған болатын.

"Қызылорда облысы, Шиелі ауданында орналасқан тампонажды "Гежуба Цемент" зауытында бүгінгі күні жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Зауытта қазір 126 қызметкер жұмыс істеуде. Оның ішінде үшеуі ғана былтыр желтоқсан айында келген қытайлық азамат. Ұлттық жаңа жыл мерекесін тойлау үшін Қытайға кеткен 29 қытайлық азамат арадағы шекараның жабық болуына байланысты елімізге қайта келген жоқ. Олар тек шекара ашылып, жағдай тұрақталып, тиісті рұқсат берілген жағдайда ғана Шиелі ауданындағы жұмысын жалғастыра алатын болады.

Қазақстан-Қытай шекарасы ресми түрде жабылғаннан кейін, зауыт алаңына бірде-бір Қытай азаматы келген жоқ және ол азаматтарды елге әкелу жөнінде мәселе қозғалмағандығын атап өтеміз. Осыған орай, алаңдауға еш негіз жоқ екендігін хабарлаймыз" - делінеді аудан әкімінің баспасөз қызметі берген мәліметте.

Тампонажды "Гежуба Цемент" зауытындағы жыл сайын жүргізілетін жоспарлы жөндеу жұмыстары наурыз айының соңында аяқталады екен. Осы уақытқа дейін шекара ашылмаса зауыт жұмысын жалғастыру үшін еліміздің басқа да цемент зауыттарында жұмыс жасап жатқан тәжірибелі Қазақстан азаматтарын жұмысқа шақыру мақсатында зауыт акционерлеріне арнайы ұсыныстар жасалыпты.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу