Осы жылдың I тоқсаны бойынша жалпы ішкі өнім нақты 3%-ға өсті. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында сапалы әрі орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл міндет өңдеу өнеркәсібін дамыту, инвестициялық белсенділікті арттыру, өндіріс орындарын технологиялық жаңғырту арқылы іске асырылуда. Бүгін біз осы жылдың I тоқсаны бойынша еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен республикалық бюджеттің атқарылу барысын қараймыз", – деді Премьер-министр.
Үкімет басшысының сөзінше, аталған кезеңде жалпы ішкі өнім нақты 3%-ға өсті. Бұл көрсеткіш шикізаттық емес секторда, оның ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі, көлік, құрылыс, сауда салаларындағы орнықты өсу есебінен қамтамасыз етілген.
"Күрделі сыртқы экономикалық ахуалға қарамастан, осы шикізаттық емес сектор өзінің тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін көрсетіп отыр", – деді Олжас Бектенов.