Шиша бөтелкені өңдеп, банка шығарады

881

Тараздықтар енді шиша бөтелкелерді бұрынғыдай қоқысқа бейберекет лақтырып тастамайтын болады. Қалада "Достық и Компания" ЖШС шыны өңдеу цехын ашып, банка шығаруда.

Шиша бөтелкені өңдеп, банка шығарады

Негізі серіктестіктің шыны өңдейтін цехты ашқанына екі жыл болған. Былтырдан бері шиша қалдықтарын өңдеп кәдеге жаратуды қолға алыпты. Цех жұмысы тоқтап қалмас үшін бір ай бұрын бір айлық шикізат қоры дайындалады екен. Шикізат көзі – құмнан бөлек, бөтелке, шиша қалдықтары. Қалдықтар тек Тараз қаласынан ғана жиналмайды екен. Республиканың түкпір-түкпірінен жинап, қор жинау мәселесі шешімін тапқан көрінеді.

Цех басшысы Есберген Еламанов шыны балқытуға Арал құмын, Қаратаудың содасын, кварц құмы және барлық өңірден жинаған шыны ыдыстарының сынығын пайдаланатындарын айтты. "Бір тәулікте 40 тонна шикізатты шыны сынықтарымен қосып балқытамыз. Бөтелке, есік және терезе сынықтарын, айна мен басқа да шыны қалдықтары бәрі қайта өңдеуден өтеді", – дейді маман.

Шыны ыдыстар тазалаудан өтіп, құм мен соданы, басқа да қоспаларға араластыра отырып ұнтақталып болған соң, 1 500 градустағы балқыту пешіне түсіп, 102 тонналық ваннада қайнап, балқып шығады. Дайын өнім – банкілер.

Цехта қазір 56 адам жұмыс істейді. Тәуліктік қуаты 30-35 мыңды құрайды. Банкінің 12 түрі шығарылады. Бір желінің сыйымдылығы 0,5-тен 1 литрге дейінгі банкілерді әзірлеуге арналған. Ал осы жылы іске қосылған екінші желіде 2-3 литрлік банкілер шығарылуда.

Серіктестік директорының өндірістік орынбасары Мұрат Қаңлыбаев зауыт өндіріс көлемін арттыру үшін өткен жылы "Даму" қоры арқылы "Халық банкі" АҚ-нан 175 миллион теңге несие алғанын айтты. Ондағы мақсат – өндіріс қуатын тәулігіне 70 мың дана банкі шығаруға жеткізу.

"Біздің өнім "Консервіленген тамақ өнімдеріне арналған шыны ыдыс" формасы мемлекеттік талабының барлық стандартына сай келеді. Болашақты көздеп, Еуразиялық экономикалық одақ сәйкестігі туралы декларацияны да алғанбыз. Бұл банкілерді Кеден одағы елдеріне өткізуге мүмкіндік береді", – дейді Мұрат Қаңлыбаев.

Таразда өндірілген өнімді Қырғыз және Өзбекстан республикаларына экспорттауды да қолға алыпты. Негізгі тұтынушысы – Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы консервілеу зауыты.

Ардақ Үсейінова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу