ШҚО – 648 мектепті IT-сыныптармен жабдықтаған жалғыз өңір – Даниал Ахметов

930

ШҚО әкімі өткен жылдың есебін берді. Әкім баяндамасында былтыр барлық салада өсім болды дейді.  

ШҚО – 648 мектепті IT-сыныптармен жабдықтаған жалғыз өңір – Даниал Ахметов

ШҚО-да өнеркәсіп өндірісінің көлемі 109%, ауыл шаруашылығы өнімдері – 104%, инвестициялар – 123%, құрылыс жұмыстары – 106% артыпты. 27 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 4 трлн теңгені құраған.

Аймақ әкімі биыл атқарылатын шаруаларды атап өткен. Оның айтуынша, облыста денсаулық сақтауды дамытудың кешенді жоспары жүзеге асырылып жатыр.

"Биыл денсаулық сақтау ұйымдарын жаңғыртуды жалғастырамыз, дәрігерлерді тұрғын үймен және көтерме жәрдемақымен қамтамасыз етеміз. Бұл облыстың денсаулық сақтау саласында сапалы өзгерістер жасауға мүмкіндік береді", – деді аймақ басшысы кездесу барысында.

Сондай-ақ білім саласында да қолға алынған жобалар жалғасын таппақ. Әкім ШҚО-ны "Менің мектебім" жобасы бойынша 648 мектепті IT-сыныптармен жабдықтаған жалғыз өңір дейді. Бүгінде тереңдетілген жаңа бағдарламаны енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде, оған Python тілінде Arduino Uno платформасы бағдарламалау бөлімдері кірді.

"Бұл үшін 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін шағын жинақты мектептердің 600 мұғалімі оқудан өтеді. 2019 жылы 3 мектеп пен 2900 орындыққа шақталған қосымша мектеп ғимаратының құрылысы аяқталды. 2020 жылы Абай ауданында, Өскемен, Семей және Риддер қалаларында жалпы саны 5500 орындық 7 мектептің құрылысы жоспарланған", – дейді аймақ басшысы баяндамасында.

Сондай-ақ, 2020 жылы МЖӘ шеңберінде колледждерге арналған 5 жатақхананың құрылысы басталмақ. 

"Ал тұрғын үй алуға кезекте тұрған айрықша санаттағы азаматтарды алдағы үш жылда толық баспанамен қамтамасыз ету межесі қойылған",– дейді ол.

Жалпы, ШҚО-да тұрғындарды баспанамен қамту мәселесін шешу үшін алдағы 2 жылда тұрғын үй құрылысының көлемі 2 есеге артады. Ол үшін 730 мың м2 жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстары басталды. 2020 жылы 480 мың м2 тұрғын үй салу жоспарлануда. 

Өңірдің жол-көлік инфрақұрылымына ерекше көңіл бөлінбек. Биылғы жылы автожол саласына 102,8 млрд теңге инвестиция құйылады.

АӨК дамытудағы векторлық бағыт өсімдік шаруашылығын экспортқа бағытталған өнімге ауыстыру болып отыр. Бірінші кезекте – соя мен жүгері өндірісі. 2024 жылға қарай егіс алқабын 4,2 есеге, өнім экспортын 10 есеге, яғни 1,5 мың тоннадан 15 мың тоннаға дейін өсіру жоспары тұр.

Әкімнің сөзінше, соңғы 3 жылда Алакөл көлінің жағалауын абаттандыру және инфрақұрылымын дамыту үшін облыстық бюджеттен 6,3 млрд теңге бөлінген. Алдағы 4 жылда тағы да 20 млрд теңгеге 6 ірі инфрақұрылымдық жоба іске асырылмақ.

2020 жылдың ең жарқын оқиғаларының бірі – Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы. Мерейтойға орай 2020 жылы 184 іс-шара жоспарланған, оның 24-і халықаралық деңгейде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу