Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы Шығыс Қазақстан облысына жасаған ресми сапары барысында облыс әкімі Даниал Ахметовпен кездесті, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметі.
Ресми қабылдауда өңір басшысы мен бас мүфти Шығыс Қазақстан облысындағы діни ахуал, қоғамда қалыптасқан діни келісім мен ұлтаралық татулықты одан әрі нығайта түсу, дін қызметкерлерінің білімі мен тәжірибесін шыңдау, жат ағымның арбауында кеткен жастардың дәстүрлі дінімізге оралуына жан-жақты ықпал ету, Ислам бағытындағы кітаптар санын арттыру, халықтың діни сауатын көтеру сынды бірқатар мәселе сөз болды.
Басқосу соңында облыс әкімі ортақ мақсат пен жұмысты, еліміздің игілігі жолындағы жобаларды жүзеге асыруға әкімшілік қолдау көрсететінін мәлімдеді.