ШҚО-да 12 баланың гепатитті қалай жұқтырғаны белгілі болды

1126

ШҚО-да 12 баланың гепатитті  қалай жұқтырғаны белгілі болды

Үржар ауданында  А гепатитімен ауырған балаға вирус Семейден келген қонақтан жұққан. Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы, бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"ШҚО Үржар ауданының Шолпан ауылында жағдайға тоқталсақ, қыркүйек айында  А вирустық гепатитінің екі оқиғасы орын алды. Бұл жағдайда тұрмыстық қарым-қатынас нәтижесінде ауру тараған, яғни осы ауылға Семей қаласынан қонақ келген және оның гепатитпен ауырып жүргендігі анықталды. Соның салдарынан вирус оқушыға жұққан", - деп түсіндірді Бекшин орталық коммуникациялар қызметінде.

Осы орайда ол қазан айында ауруды жұқтырудың  бір оқиғасы, кейіннен желтоқсанда екі жағдайы тіркелгенін жеткізді.

"Бұл орайда байланыста болған адамдардың барлығы қадағалауға алынды. Сонымен бірге тағы 6 адамды анықтадық, олар "А" гепатитін тасымалдаушы болған. Бұл адамдарда клиникалық белгілер байқалмады. Аурудың ары қарай таралуын тоқтаттық. Бүгінде ауылдағы жағдай толық бақылауда тұр. Мектепті күшейтілген дизинфекциялық режімге көшірдік, сондай-ақ кабинеттік білім беру жүйесіне шектеу енгізілді", - деп нақтылады ол.

Оның сөзіне қарағанда, 140 балаға гепатиттен екпе жасалды. Ауруға шалдыққан 11 оқушыға вакцина жасалмаған көрінеді. Ал он екінші бала мектепке баратын жасқа жетпеген.

Сөз соңында бас санитарлық дәріген Шығыс Қазақстандағы Үржар ауданының Шолпан ауылында 49 балаға "А" вирусты гепатиті жұқты деген ақпаратты жоққа шығарды.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу