Шығыс Қазақстан облысы бойынша нарколог дәрігерлердің бақылауында тұрғандардың 8,6 пайызы жасөспірім. Бұл жөнінде ШҚО психоневрологиялық диспансерінің психиатры Зоя Казачек айтты, деп хабарлайды altaynews.kz.
"Қазіргі уақытта нашақорлық проблемасы әлемдік қоғамдастықта өзекті болып отыр. Әсіресе жастар арасында есірткіні пайдалану ерекше алаңдаушылық туғызады. Есірткі заттарының тізбесі үнемі өзгеріп отырады. Синтетикалық есірткілерден бөлек дәстүрлі болып кеткен қарасора мен басқа да есірткі түрлері қолданылып жатады. Өкінішке орай, жастардың белгілі бір бөлігі психобелсенді заттарды қолдануға бейім", – дейді Зоя Владимировна.
Облыс бойынша наркологиялық статистикаға сенсек, өңірде дәрігер-наркологтардың бақылауында тұрған 14-тен 28 жасқа дейінгі жастардың ішінде психобелсенді заттарды пайдаланатындар саны 2186 адамды құрайды. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны – 27 болса, 15-тен 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер – 190 адам.