ШҚО-да 406 адам қауіпсіз жерге көшірілген

820

ШҚО-да 406 адам қауіпсіз жерге көшірілген

Шығыс Қазақстанның тағы 4 ауданында су тасқынына дайындық режімі күшейтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыс бойынша қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындардың саны 406 адамға жеткен. Оның 135-і балалар.

"Күшейтілген дайындық" режімі Күршім, Зырян, Ұлан, Жарма аудандарында жарияланып отыр. Үйін тастап шыққан тұрғындардың басым бөлігі Глубокое ауданының тұрғындары.  Жергілікті әкімдік оларға аудан орталығындағы жатақханадан, Белоусовка кентіндегі аурухана мен аргротехникалық колледжден, Прогресс және Предгорное ауылының мектептерінен уақытша баспана ұсынды.

"Эвакуациялау бекеттерінде зардап шеккендерге ыстық тамақ берілуде. Психолог мамандар да моральдық көмек көрсету үшін жолға шықты. Барлық су алған орындарда сорғыту жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр" - делінген төтенше жағдайлар департаменті таратқан ақпаратта.

Ал Таулы Үлбі елді мекенінде тәуліктік күзет қойылды. "Қазселденқорғау" мекемесі өзен бетіндегі мұздардың жылжуын жіті бақылауда ұстап отыр. Мұздардың кептелуі тағы да өзеннің арнасынан асуына себепкер болуы мүмкін деген қауіп бар.  Қазір толассыз жауын жауып, ауа температурасы қайтадан минусты көрсете бастады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу