Шығыс Қазақстан облысында жалға алынып, игерілмеген 63,3 мың га жер анықталған. Осы жағдайға байланысты сотқа 88 талап-арыз жіберіліп, 60 мыңнан астам га аумақ мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды ШҚО ақпараттық орталығы.
Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мейіржан Әшімхановтың айтуынша, 88 талап-арыздың 16-сы қанағаттандырылып, 2 іс әлі қарауда жатса, кәсіпкерлер жіберілген заңбұзушылық әрекетті жедел түзеткендіктен, 70 арызға қатысты тергеу амалы тоқтатылған.
"Мемлекеттен 76 мың га жерді жалға алып, қолданбағаны үшін "Бәтуә", "Мәнфағат" және "Ырғын" ЖШС-ларынан 60 мың га жер мемлекет меншігіне қайтарылды", – дейді Мейіржан Әшімханов.
Сондай-ақ, Алакөл, Сібе көлдерінің жағалауында қолданылмаған 361 жер телімі анықталған. Әділет органдары жасаған ескертуден кейін 1 жылда жер қолданылмаса, оны мемлекетке қайтару шарасы қолға алынады.