ШҚО-да АӘК алатын көпбалалы аналар бизнесті сәтті іске қосуда

1018

ШҚО тұрғындары нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының арқасында өз кәсібін ашып жатыр.  

ШҚО-да АӘК алатын көпбалалы аналар бизнесті сәтті іске қосуда

Шығыс Қазақстан облысының атаулы әлеуметтік көмек алатын (бұдан әрі - АӘК) көпбалалы аналар мемлекеттің қолдауын пайдаланып, өз бизнестерін ашуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің баспасөз қызметі.

Семей қаласының тұрғыны Дамегүл Құрапанбаева кәмелетке толмаған төрт  баланы тәрбиелеп, 94 153 теңге көлемінде АӘК алады. Әйелдің айтуынша, мемлекеттік қолдау оның отбасына көп көмегін тигізді. Енді ол жеке кәсібін ашу арқылы ешкімге тәуелді болмауға бел буып отыр.

Оның жетістікке жету тарихы өңірдегі жалғыз оқиға емес. Осыған ұқсас мысал Қатонқарағай ауданында да орын алған, онда жалғызбасты ана Гүлнұр Гайсина АӘК тағайындалғаннан кейін отбасының қаржылық жағдайын жақсартып қана қоймай, тігін машинасын сатып алуға ақша үнемдей алды. Оған жеке кәсібінің ашылуына бірер қадам ғана қалып отыр.

ШҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ақпараты бойынша, бүгінгі күнде облыста 19 мыңнан астам отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. АӘК төлеуге бюджеттен 11,4 млрд теңге көзделген, оның 7,1 млрд теңгесі төленді. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау көптеген отбасыларға қиын жағдайдан шығуға мүмкіндік беріп отыр.

 "Өңірде барлығы 95 мыңнан астам адам АӘК алады, оның ішінде 41 724 адам көпбалалы отбасылардан. Сонымен бірге көпбалалы аналар кәсіпкерлік шараларға белсенді қатысуда", – деді ШҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жасұлан Сарсебаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ағымдағы жылғы 7 қазанда ҚР Үкіметі отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Қазақстанда 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу жоспарланып отырған АӘК көрсетудің жаңа тетіктерін таныстырған болатын.

"Ең басты принцип ­– мемлекет шын мәнінде көмекке мұқтаж адамдарға, бірінші кезекте балалар мен көпбалалы отбасыларға көмектеседі! Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі керек. Мемлекет жұмысқа орналастыруға немесе шағын бизнеспен айналысуға көмектеседі. Мемлекеттік көмекке – көп балалы отбасыларды қолдау, табысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету, табысы аз отбасылардағы балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет беру кіреді", – деді Біржан Нұрымбетов.

 Министрдің айтуынша, көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақылар енгізу арқылы қамтамасыз етілетін болады. Бұл мемлекеттік жәрдемақы барлық көпбалалы отбасыларға (4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар табысына қарамастан төленеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу