ШҚО Полиция департаментінің мәліметінше, әйелдің зорлықпен өлтірілгені расталды. Қылмыс жасады деген күдікпен мектеп оқушысы ұсталып, сот оның қамауда отыруына санкция берген.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігіне ("Адам өлтіру") сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
Оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде түрлі ақпарат тараған. Атап айтқанда, кейбір жазбаларда қылмыс жасөспірімдер арасында кең тараған "Көк кит" ойынымен байланысты болуы мүмкін деген болжам айтылған. Тіпті жасөспірімге ойын арқылы адам өлтіру туралы тапсырма берілгені туралы ақпарат тарады.
Алайда бұл мәліметтерді полиция әзірге растаған жоқ. Тергеу мүддесіне байланысты қылмыстың нақты мән-жайы мен себептері жарияланбады.
"Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеудің толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған қажетті шаралар атқарылуда. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді", – деп хабарлады ШҚО Полиция департаменті.