ШҚО-да ардагер донорларға құрмет көрсетілді

744

ШҚО-да ардагер донорларға құрмет көрсетілді

Облыстық қан орталығында ұзақ жылдар бойы қан тапсырып, жүздеген адамның өміріне араша болып жүрген ардагер донорларға құрмет көрсетілді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов Андрей Игнатов, Григорий Банников, Валерий Шастов және Любовь Швецованың кеудесіне "Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін" төс белгісін салтанатты жағдайда қадады, деп хабарлайды altaynews.kz.

"Басқа жандардың тағдырына алаңдап, олардың сауығып кетуі үшін өз қандарыңызды тапсырып жүргендеріңіз сіздердің әлеуметтік жауапкершілікті түсінетіндеріңізді, басқаларға көмекке келуге дайын екендеріңізді білдіреді. Сіздердің дендеріңізге саулық тілеймін", — деді басқарма басшысы.
Марапатталған донорлар 40-тан 85 ретке дейін қан тапсырған жандар, кейбіреуінің өтілі ширек ғасырдан асып кеткен.

"Мен 25 жылдан бері донормын, осы уақыт аралығында 40 литр қан өткіздім, — дейді 55 жастағы Андрей Игнатов. – Алғаш рет Германияда әскер қатарында жүргенде тапсырдым. Жол апатынан зардап шеккендерге көмек қажет болды. Содан бастап жақсы әдетіме айналдырдым. Қан орталығының қызметкерлері менің 250 адамның өмірін сақтап қалуға көмектескенімді айтады. Арасында жаңа босанған келіншектер мен балалар да бар. Мен үшін бұл өте маңызды. Мен әрқашан шын жүрегіммен көмектесуге талпынып келемін."

Алпысқа іліккен Любовь Швецованың анасы да донор болыпты. Шешесіне еліктеген бойжеткен 22 жасынан қан өткізіп келеді. Белоусовка кентінің тұрғыны 33 жастағы Григорий Банниковті қан өткізуге алғаш рет көршісі шақырыпты. Содан бері 15 жыл өтсе де, Григорий қан орталығы мамандарына ешқашан "жоқ" демеген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу