ШҚО-да ауыл тұрғындары көшенің қарын өздері күреп жүр

730

Мердігер міндетін дұрыс атқармай отыр.

ШҚО-да ауыл тұрғындары көшенің қарын өздері күреп жүр

Шығыс Қазақстандағы Глубокое ауданына қарасты ауылдардың бірі қар құрсауында қалды. Көше жолдары қардан тазармаған соң, тұрғындар өздері күреуге кіріскен, деп жазады inbusiness.kz.

Белоусов ауылының тұрғындары дүкенге бару үшін жалғыз аяқ жолмен жүреді. Себебі көше қардан толық тазармаған. Мердігер әу баста жауапкершілікті мойынына алғанымен, міндетін дұрыс атқармаған көрінеді. 

- Кішкентай балалар бар, оқуға бара алмайды. Өзіміз қар жауған күні жұмыстан қаламыз, қолмен тазалап болғанша. Тіпті дүкендерге уақтылы азық-түлік жеткізу үшін арнайы техника жалдауға мәжбүрміз. Қалың қардың кесірінен жедел жәрдем көліктеріде жүруден қалды, - дейді ауыл тұрғыны Сейітхан Ахметжанов.

Айта кетейік, жергілікті маңыздағы жолды күтіп ұстау міндетін тараздық кәсіпорын алған екен. 

- Өрт шықпаса екен деп тілейміз. Өйткені, мына ауылға өрт сөндірушілердің көлігі кіре алмайды. Жедел жәрдем де солай. Жақында көршімнің қан қысымы көтеріліп кеткенде, дәрігерлер жете алмады. Былтыр да осындай қар болды. Бірақ уақтылы тазалап тұрған еді, - дейді ауыл тұрғыны Наталья Зуева.

Ал әкімдіктегілер мердігердің жұмысында еш кінәрат жоқ деген пікірде. Қазір көшелерді тазарту жұмыстары жүріп жатқанын айтуда. 

- Мемлекеттік сатып алуға жалғыз ғана мердігер қатысты. Қыс басталмай жатып түрлі қиындықтарға тап болдық, өйткені бұл кезде әлі келісімшартқа қол қойылмаған еді. Техника таппаған соң Өскемен қаласынан субмердігер тауып, қазір солардың күшімен тазартып жатыр, - Белоусов ауылының әкімі Татьяна Селезнёва.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу