Айыпталушы әйелдің жүктілігіне байланысты сот үкімінің орындалуы бір жылға шегерілді, деп жазады inbusiness.kz.
Сотта анықталғандай, әйел 2022 жылдың ақпан айынан бастап қараша айына дейін құжаттарға жеткізушілермен жасалған шарттар бойынша қызметтерге ақы төлеу түрінде жалған мәліметтер енгізіп отырған. Осылайша оларға бюджет қаражатын жіберіп, одан соң ақшаны өз шотына аударған.
"Сондай-ақ, бюджет қаражатын кәсіпорын қызметкерлерінің карточкалық шотына жіберіп, оларды бұл туыстарынан түскен ақша деп жаңылыстырып, ақшаны өз шотына аударған. С. есімді азаматшаның қылмыстық әрекеттері салдарынан мемлекетке 9 578 857 теңгеге зиян келтірілді", - делінген іс материалдарында.
Айыпталушының кінәсі куәгерлердің берген айғақтарымен, кәсіпорынның қаржылық қызметін тексеру қорытындысымен, банктерден алынған үзінді көшірмелермен, қаржы жымқыру сомасын растаған сот-экономикалық сараптама жөніндегі сарапшының қорытындысымен расталып отыр.
Сот әйелдің өз кінәсін мойындап, шын жүректен өкінгенін, жүктілігі мен осыған дейін істі болмағанын ескерді. Сонымен қатар оның материалдық залалды мемлекетке толық көлемде өтемегенін, сотталушыны жазалау шарасы туралы жәбірленуші тарап өкілінің пікірін де есепке алды.
2023 жылғы 23 ақпанда Өскемен қаласының №2 соты бөтеннің мүлкін ірі мөлшерде ұрлап, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамның қызметтік жағдайын пайдаланғаны үшін 3 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Үкімнің орындалуы бір жылға кейінге қалдырылды.
Айта кету керек, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.