1 қыркүйекке дейін облыстағы білім беру мекемелерінің бәрінде бейнебақылау камерасы мен дабыл жүйесі орнатылады. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, аймақ басшысы Даниал Ахметов отырыс өткізген. Онда өңірдегі бірқатар маңызды мәселе қаралған.
"19 тамызға дейін аймақтағы барлық жалпы білім беретін 647 мектепте жөндеу жұмыстары аяқталады. Қазір кабинеттер мен асханаларды жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Білім беру мекемелерінің бәріне бейнебақылау мен дабыл жүйелері орнатылады", - деді Даниал Ахметов отырыста.
Ол 1 қыркүйекке дейін барлық мектеп қажетті отын қорымен қамтамасыз етілетінін атап өтті.
Сондай-ақ облыс әкімі мектептен тыс балаларды дамыту, шығармашылыққа баулу жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмей жатқанын жеткізді.
"Облыста бар-жоғы 114 үйірме мен секция жұмыс істейді. Бұл өте аз. Балалардың бәрі спортпен шұғылдануы керек", - деп түйіндеді сөзін аймақ басшысы.