Шығыс Қазақстан облысында соңғы бірнеше күнде ауа райының күрт жылынуына байланысты дала өрті жиілеп кетті. Өрт сөндірушілер күн сайын 15-тен астам жалынды сөндіреді екен.
Өңірде күн райы жылына бере дала өрті де өрши бастады. ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, құтқарушылар күн сайын тәулігіне 15-20 ретке дейін дала өртін сөндіруге барады. Мұндай өрттерді ауыздықтаудың қиындығы – от ірі аумаққа жылдам тарап кетеді.
Оқыс оқиғаның алдын алу мақсатында әр өңірдегі Төтенше жағдайлар қызметкерлері тұрғындар арасында қауіпсіздік талаптарын сақтау туралы хабарландыру жұмыстарын жүргізген болатын. Алайда сол ескертуді елемегендер де аз емес.
- Өрт қаупі жоғары кезеңде өңірде өрт инспекторлары, орманшылар, полиция қызметкерлері және жергілікті атқарушы орган өкілдері қатарынан жалпы саны 300-ге жуық адамнан тұратын 46 мобильді топ құрылған. Олар 280-нен астам рет рейдке шықты. Соның нәтижесінде, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 32 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - дейді департаменттің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.
Осы ретте, облыстық ТЖД қызметкерлері тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін еске салды:
- Терек мамығы от ұшқынынан да тұтанады, тез жанып, жан жаққа тарайды.
- Коммуналдық қызметтер мен халық аулаларды, гараж кооперативтерін қоқыстан тазартуы керек.
- Сөндірілмеген темекі тұқылын жерге тастамаңыз. Ата-аналар балаларына сіріңкемен ойнаудың қауіптілігі туралы түсіндіруі тиіс.
- Далада шөп өртемеңіз.
- Саяжайларда алғашқы өрт сөндіру құралдарын қолжетімді жерде ұстаңыз.