ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, "Ауыл ел бесігі" бағдарламасы бойынша жүзеге асырылатын жобалардың негізгі бағыты - тірек ауылдардағы әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту.
"Бағдарлама шеңберінде биыл 64 жобаны іске асыру көзделген. Оның үшеуі өтпелі жобалар, атап айтқанда Марқакөл, Үлкен Нарын және Катонқарағай ауылдарындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы. Қалған 61 жобаға мектептерді, ауылдық клубтарды, медициналық мекемелерді жөндеу, дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу, қазандықтар мен жылу желілерін жаңғырту, жолдар мен көшелерді жөндеу, көше жарығын орнату кіреді", - деді аймақ басшысы Даниал Ахметов.
Оның айтуынша, құрылыс маусымының басында іске кірісу үшін жобалардың барлығына арналған конкурстық рәсімдер ақпан-наурыз айларында өтуі тиіс.
"Экономика және бюджеттік жоспарлау және қоғамдық даму басқармаларына осы жобаларды тоқсан сайын іске асыруды бақылауда ұстауды тапсырдым. Себебі халық қайда және не салынып жатқанын білуі керек", - деді әкім.