ШҚО денсаулық сақтау мекемелеріне 35 көліктің кілті тапсырылды, деп хабарлайды altaynews.kz.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты Жолдауында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру аясында Шығыс облыстағы денсаулық сақтау мекемелеріне жергілікті бюджет есебінен бөлінген қаражатқа 35 көлік алынды.
2016-2019 жылдарға арналған "Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасының аясында биыл тағы да қосымша 13 санитарлық көлік пен реанимобиль алынбақ. Осы орайда, өткен жылы медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында облыс әкімі Даниал Ахметовтің өңіріміздегі медициналық мекемелерге "УАЗ" маркалы 100 санитарлық көлік табыстап, оның 75-ін ауылдық ауруханаларға тарту еткен еді.
Су жаңа медициналық көлікке қол жеткізгендердің бірі, Бородулиха аудандық ауруханасының бас дәрігері Үміт Эфендиевтың айтуынша, енді ауруханаға электрокардиограф, дефибриллятор сияқты медициналық құрал- жабдықтармен жабдықталған реанимобиль қажет.
"Заман талабына сай жабдықталған медициналық көлікке қол жеткізгенімізге өте қуаныштымыз. Бүгін біздің аудандық ауруханаға тарту етілген "УАЗ" маркалы санитарлық автокөлігі енді ел игілігіне жұмыс істейтін болады. Сөз соңында, өңіріміздегі медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жаңартуға баса назар аударып, халықтың әл-ауқатын арттыруға үлкен мән беріп отырған облыс әкімі Даниал Ахметовке алғысымды білдіремін", — дейді дәрігер.