ШҚО-да бүгінгі күнге дейін облыста бидай алқаптарының 450 мың гектары немесе 79,5 пайызы орылып бітті. Астықтың шығымы орта есеппен 13,2 центнерді құрап отыр. Құрғақшылықтың салдарынан түсім былтырғыға ( 16,5 ц) қарағанда төменірек. Глубокое, Зырян, Катонқарағай, Шемонайха, Үржар аудандарында гектарынан 15-18 центнерден айналуда, деп хабарлайды altaynews.kz.
Облыста күзгі жиын-терім науқаны қызу жүріп жатыр. Биыл өңір диқандары 567 мың гектар алқаптан бидай және бұршақ тұқымдас дәнді –дақыл өнімдерін жинап алмақ. 432 мың гектардан майлы дақыл, 20 мың гектардан картоп, 13 мың гектардан көкөніс, бақша өнімдерін, 284 мың гектардан мал азығындық дақыл түрлерін орып, жинап жатыр.
Бүгінгі күні күздік дақылдар алқаптары орылып бітті. Бастырылған күздік дақылдар түсімінің орташа бункерлік салмағы гектарынан 16,9 центнерден айналып отыр.
Күзгі егін жинау науқанына 15 мыңнан астам техника жұмылдырылған. Науқанды дер кезінде аяқтау үшін облыстың шаруашылықтарына 28 мың тонна жағар май қажет болса, қазіргі күні соның 61,4 пайызымен қамтылған.
Ағымдағы жылы аймақтың егін шаруашылығын қолдап, тұқым, минералды тыңайтқыштар, гербицидттерді төмен бағамен сатып алуға, су бағасын төмендету, гектарлық субсидиялау шаралары үшін облыстық бюджеттен шаруашылықтарға барлығы 3,7 млрд. теңге субсидия бөлінген.