Шығыс Қазақстан облысында заңсыз кен өндіру, алкоголь өнімдерін заңсыз сақтау, құрылыс саласында үлескерлер қаражатын мақсатсыз пайдалану және интернеттегі қаржылық құқық бұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Тергеу басқармасының басшысы Қуат Рахимбаев мәлімдеді.
gov.kz
Тиісті лицензиясыз кен өндіру, оны тасымалдау және өткізу дерегі бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды. Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді. Сонымен қатар 1,053 млрд теңге залалды өндіру туралы талап қанағаттандырылды.
Өскеменде алкоголь өнімдерін заңсыз өндіру және сақтау үшін пайдаланылған төрт қойма анықталды. Сот қаулысымен мүлікті тәркілеу туралы шешім қабылданды.
Ал үлескерлердің қаражатын мақсатсыз пайдалану дерегі бойынша құрылыс салушыларға қатысты іс сотқа жолданды. Бұл іс бойынша қылмыстық жолмен алынған кіріс көлемі 1,2 млрд теңгені құрады.
Интернеттегі заңсыз қызметтерге қарсы күрес те жалғасып жатыр. 2025 жылы онлайн-казино мен құмар ойындарға қатысты 667 сілтеме бұғаттауға жіберіліп, оның 612-сіне шектеу қойылған. Ал 2026 жылдың басынан бері жолданған 155 сілтеменің 124-і бұғатталды.
Бұдан бөлек, қаржы пирамидалары мен заңсыз криптоайырбастау пункттерінің белгілері бар 300-ден астам сайттың жұмысы шектелді.
Департамент экономикалық құқық бұзушылықтардың жолын кесу және мемлекет пен азаматтардың қаржылық мүдделерін қорғау бағытындағы жұмысты жалғастырып жатыр.