ҚР Энергетика министрлігінің басшылығы Шығыс Қазақстан облысының өкілдерімен бірлесіп, Өскемен ЖЭО мен Риддер ЖЭО-ның алдағы жылыту маусымына дайындығын тексерді, деп хабарлайды inbusiness.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Риддер ЖЭО" АҚ – Риддер қаласындағы жылу энергиясының жалғыз көзі. Сондай-ақ акционерлік қоғамның меншігінде Риддер қаласының жылу желілері бар. Электр станциясы өндірген жылу энергиясы тұрғын үй-коммуналдық сектордың және "Казцинк" ЖШС өнеркәсіптік кәсіпорындарының жүктемесін жабады.
"Риддер ЖЭО" АҚ-да 6 қазандық пен 4 турбина орнатылған. 2022 жылы 1 қазандықты күрделі жөндеу және ағымдағы жылы 5 қазандық пен 4 турбинаны жөндеу жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда 3 қазандық пен 4 турбинаның ағымдағы жөндеуі аяқталды. Сондай-ақ 2022 жылы 1,9 км жылу желілерін ауыстыру жоспарланған, оның 800 метрі ауыстырылды.
Жалпы, электр станциялары мен жылу желілеріндегі жөндеу жұмыстарын алдағы жылыту кезеңі басталғанға дейін аяқтау жоспарлануда. "Риддер ЖЭО" АҚ қуаты 30 МВт болатын бұрын істен шыққан турбоагрегатты ауыстыруды жоспарлап отыр. Іске асырылып жатқан инвестициялық жоба электр станциясы жұмысының сенімділігін және тұтынушыларды жылумен жабдықтау сапасын арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Тексеру қорытындысы бойынша Өскемен ЖЭО-да барлық қажетті жөндеу жұмыстары графикке сәйкес жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Электр станциясында 9 қазандық және 8 турбина орнатылған. 2022 жылы 2 қазандық пен 3 турбинаны күрделі жөндеу, 7 қазандық пен 5 турбинаны ағымдағы жөндеу жоспарланған болатын.
Өскемен ЖЭО-ның негізгі өндірістік қызметі электр және жылу энергиясын өндіру болып табылады. Станция өндірген жылу энергиясы Өскемен қаласының тұрғын үй-коммуналдық секторы жүктемесінің 60%-дан астамын жабады, сондай-ақ "Казцинк" ЖШС және "Үлбі металлургиялық зауыты" АҚ сияқты ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды жылу энергиясымен қамтамасыз етеді.
ҚР Энергетика министрлігімен 30.01.2021 жылы жасалған инвестициялық келісім шеңберінде Өскемен ЖЭО-да №16 жаңа қазандықтың құрылысы және қуаты 130 МВт және 240 Гкал/сағ ескірген турбоагрегатты ауыстыру жүргізілуде. Жобаны іске асыру тұтынушыларға жылу энергиясының тапшылығын төмендетуге, ал электр генерациясын ұлғайту электр энергиясының басқа көздерден ағынын азайтуға мүмкіндік береді.
Объектілерді аралау қорытындысы бойынша Энергетика министрлігі мен Шығыс Қазақстан облысының басшылығы алдағы жылыту маусымына сапалы дайындық жүргізу туралы тапсырмалар беріп, тұтынушыларды энергиямен үздіксіз қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.