ШҚО-да халықаралық ақындар айтысы өтеді

996

ШҚО-да халықаралық ақындар айтысы өтеді

Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылында 29 шілдеде халықаралық ақындар айтысы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сөз барымтасына қазақтың арқалы ақындарымен бірге, Қытай, Моңғолия, Қырғыз Республикасы елдерінің ақындары қатысады.

Өткен жылы ғана Ақсуат ауылында республикалық дәрежеде ақындар айтысы өткен. Биыл ұйымдастырушылар көрші мемлекеттің ақындарын шақырып отыр екен.

"Аманшылық болса, биылғы айтыс халықаралық дәрежеде өтеді. Қытай, Моңғолия, Қырғыз Республикасынан ақындарды шақырып отырмыз. Жыр сайысында қазақтың ақындарымен қырғыз ақындары да үзеңгі соғыстырып жүр. Айтыс 29 шілде күні Ақсуат ауылының Орталық алаңында өтеді", - дейді демеушілік көрсетіп отырған Тастекеевтер әулетінің өкілі Дулат Тастекеев.

Ақындардың тізімі белгіленіп қойған. Шамамен 6-7 жұп сынға түседі. Олардың арасында осы уақытқа дейін өздерін мойындатып үлгерген Ринат Зайытов, Жансая Мусина, Мұхтар Ниязов, Аспанбек Шұғатаев, Қалижан Білдәшев, Мақсат Ақанов, Төлеген Жаманов, Әсем Ережеқызы сынды белгілі ақындар бар. Демеушілер жүлде қорына қомақты сома тігіп отыр. Бұған қоса олар ақындардың барлық жол, тамақ, үй жайы шығынын көтеріп алмақ. Айтысты Жүрсін Ерман жүргізеді. Қазылар алқасының құрамында Дәулеткерей Кәпұлы, Серік Қалиев, Еркін Жаппасұлы, Берік Уәли мен Нәдірбек Абсалямовтар бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу