Шығыс Қазақстан облысында шетелдік инвесторлар ет өңдеу кешенін салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Жобаны FinSight Ventures инвестициялық қоры мен "Brown & Co", "Eco Meat Vostok Ltd" компаниялары жүзеге асырады.
"Кешеннің құрамына жылына 184 мың тонна жем шығаратын зауыт, 20 мың бас мал болатын селекциялық-генетикалық ферма, 39 мың тонна ет өңдейтін кәсіпорын, 400 мың бас мал болатын 3 тауарлық ферма енеді. Жобаның жалпы құны – 117 млрд теңге (2024 жылға дейін)", - деп жазылған "Kazakh Invest" ұлттық компаниясы таратқан хабарламада.
Компанияның Шығыс Қазақстан облысы бойынша өңірлік директоры Нартай Бейсековтың айтуынша, кешен заманауи технологиялар негізінде жұмыс істейді.
"Барлық асыл тұқымды мал Даниядан жеткізіледі. Мал арнайы кешенде өсіріледі", - деді директор.
Инвесторлар ет өңдеу кешені қалдықсыз жұмыс істейтінін айтады.
"Қалдықтарды қайта өңдейтін цех салу жоспарда бар. Олар жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тегін қызмет көрсетеді.
Сондай-ақ кәсіпорында 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Жұмысқа бірінші кезекте жергілікті тұрғындар алынады. Жобаның мақсаты – Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне өнім шығарып жеткізу", - деп жазылған хабарламада.