ШҚО-да қар көшкінінің астында қалған науқастың жағдайы ауыр

602

Шығысқазақстандық дәрігерлер қар көшкіннің астында қалған альпинистің жағдайы ауыр екенін мәлімдеді. Айтуларынша, науқастың миы зақымданған. 

ШҚО-да қар көшкінінің астында қалған науқастың жағдайы ауыр Фото: 24.kz

Қар көшкінінен аман қалған альпинист қазір облыс орталығындағы нейрохирургия бөлімінің реанимациясында ем алып жатыр, деп жазады inbusiness.kz.

Десе де, дәрігерлер оның аман қалатыны туралы болжам жасауға әлі ерте екенін айтып отыр.

"Науқас бізге Апаттар медицинасы орталығы арқылы жеткізілді. Жағдайы өте ауыр болды. Кешенді зерттеулер жүргізу нәтижесінде науқастың миы зақымданған. Қазір ауыр хәлде, реанимацияда. Қажетті көмектің барлығы жасалуда. Бүгінгі таңда хирургиялық ота жасаудың қажеті жоқ", – деді ШҚО көпсалалы орталығының жансақтау бөлімінің меңгерушісі Сергей Эбель.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Катонқарағай тауларында қар көшкінінің түскені туралы хабарланған болатын. Көшкін астында альпинистер қалды. Жазатайым оқиға Алтайдың ең биік шыңы – Мұзтауды бағындыру кезінде орын алды. Оқиға орнында екі адам қайтыс болды. Оларды құтқаруға Ми-8 "Қазавиақұтқару" тікұшағы жіберілген.

Оқиға орнына жеткен тікұшақ бір метр биіктікте қалықтап тұрған. Құтқарушылар тікұшақтың бортына екі қаза тапқан, бір жарақат алған ер адамды және аман-есен тағы біреуді көтеріп салыпты.

Ведомствоның хабарлауынша, 3 мың метр биіктікте құтқару операциясын жүргізу үшін бірнеше рейс жасау қажет болған.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті жаңбырлы маусымда қар көшкінінің түсу қаупі болатынын ескертті. 

"Қазір бізде жаңбырлы маусым кезеңі басталды. Бірақ мұндай биіктіктерде, таулардың орта белдеуінде, температураның көтерілуіне байланысты қар түсе бастайды. Осыған байланысты көшкін түсу қаупі де артады", – деп атап өтті ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Арман Тоқанов.

Таунар Қайратұлы  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу