Шығыс Қазақстан облысында кәсіпкер қарақұмық жармасы, қант пен тұзға сауда үстемесін негізсіз қосып, оларды өзіне тиесілі серіктестікке қайта сатқан, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Министрліктің хабарлауынша, осылайша жеке кәсіпкер жасанды делдалдықпен айналысқан. Кәсіпкер халық көп тұтынатын тауарларды атап айтқанда, қарақұмық жармасы, қант, тұзды жеңілдікпен сатып алып, өзіне қарасты компанияға қайта сатқан. Қарақұмық жармасына 127% сауда үстемесін қосқан.
Өнім бағасы 241 теңге болса, тауар 550 теңгеден сатылған. Ал қантқа қосылған сауда үстемесі 45%-ға жеткен. Ас тұзына қосқан бағасы 41%-ға жеткен. Осының нәтижесінде халық үшін маңызды тауарлар бағасы негізсіз өскен.
Заңнамаға сәйкес әлеуметтік маңызы бар тауарларға сауда үстемесі 15%-дан аспауға тиіс. Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынды.