ШҚО-да көпбалалы жанұялардың өз бизнесін қолға алуына мүмкіндік жасау үшін 500 грант бөлінеді. Бұл туралы ШҚО әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
"Құрметті жерлестер, бүгін өңірдің көпбалалы кәсіпкер ханымдарымен кездесу өткіздім. Өздеріңізге белгілі, облысымызда көпбалалы және аз қамтылған отбасыларын қолдауға арналған кешенді бағдарлама жүзеге асуда. Бұған дейін айтылған жобалардан бөлек оларға өз істерін ашуға көмектесеміз",– деп жазды Даниал Ахметов фейсбуктегі парақшасында.
Әкімнің сөзінше, өңірде жыл басынан бері 521 көпбалалы жанұя бизнес-жоспарын орындау үшін 463 млн теңгеге грант алған. Бұл жобалар автокөлік орындықтарына арналған қаптарды шығаруға, саңырауқұлақ өсіруге, ыстау цехын, ат қора мен велосипедті жалға беру ісін, наубайхана мен кондитерлік дүкен ашуға бағытталыпты.
"Сөзсіз, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Оған қоса, ертеңнен бастап қосымша тағы 500 грант бөлінеді. Осы ретте әр аудан мен қалалардағы көпбалалы аналар комиссиясына белсенділік танытуды сұраймын",– дейді әкім.