Кеше Аягөзде көпбалалы отбасының үйі өртеніп кетті, деп хабарлайды altaynews.kz.
"Өрттің неден болғанын білмейміз. Үй түгелдей дерлік жанып кетті. Кеше 6 баламызбен ағамыздың үйінде түнедік. Қазір зират басына әруақтарға құран бағыштауға бара жатырмын. Бүгін жұма ғой", – дейді 38 жастағы көпбалалы ана Айжан Төлтаева.
Оның айтуынша, бұл үйде тұрып жатқандарына 10 жыл болған. Әйтеуір зардап шеккен адам жоқ.
Қала әкімі көмек көрсету жолдары қарастырылып жатқанын айтады.
"Өрттің неден болғаны әзірге беймәлім. Ішкі істер қызметкерлері мен басқа да жауапты мамандар тексеру үстінде. Ал біз өз тарапымыздан 1 айға уақытша баспана тауып қойдық. Сондай-ақ, заң бойынша, 252 500 теңге көмек береміз. Тексеру қорытындысы шыққан соң, ары қарай не істейтініміз белгілі болады. Өздерінің қасақана өртемегені дәлелденсе, "Аягөз болашақ" қорының демеуімен үйін қалпына келтіріп береміз. Қазіргі уақытта аталмыш қор қазынасында 500 мың теңге қаражат бар", – деді қала әкімі Қуаныш Азыханов.