Шығыс Қазақстанның көпбалалы жанұяларын баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 3 кезеңдік бағдарлама жасалды. Бұл туралы өңір әкімі Даниал Ахметов хабарлады.
⠀
"Бірінші кезекте, бюджеттен тыс қаражатқа бір айдың ішінде ауылдық округтерде үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасыларға арнап облыстағы 88 ауылдан 190 үй, сондай-ақ, 4 аудан орталығынан 41 үй аламыз. Таңдап алынған 231 үйдің 70-і жөндеуді қажет етеді. Бұл жұмыстар қысқа мерзім ішінде сондай-ақ бюджеттен тыс қаражатқа атқарылатын болады",– деп жазды әкім әлеуметтік желідегі парақшасында.
Құрамына көпбалалы аналар мен қоғам өкілдері кірген аудандық деңгейдегі комиссия мүшелері жөндеу жұмыстарынан бастап, сол үйлерге қоныстануға дейінгі жұмыс барысын толық қадағалайтын болады.
"Біз, комиссия көпбалалы аналарға тиісті жөндеу жұмыстары жүргізілмеген үйді мәжбүрлі түрде беру жағдайларын болдырмауымыз керек. Қаражат бөлінді, барлық аудандар бұл жобаны жүзеге асыруға кірісіп кеткенін тағы бір мәрте қайталап айтамын",– деп хабарлады Даниал Ахметов.
⠀
Қалған аудан орталықтары мен қалалар, яғни, екінші және үшінші кезеңдер бойынша "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша жұмыс жүргізіледі.
"Тұрғын үй жинақ банкі арқылы жылдық үстемақысы 2% көпбалалы және аз қамтылған отбасылары 20 жылға ипотека алу мүмкіндігіне ие болады. Тек төлемқабілеттілігін растаулары қажет. Бұл ретте айта кету керек, алғашқы жарна барлығында жоқ, сондықтан сертификат беру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Бұл кезеңдер толық зерделегеннен кейін облыс бойынша бастау алады", – делінген жазбада.