Биыл Шығыс Қазақстанда көпбейінді ауыл шаруашылығы зертханасы ашылады. Онда халықаралық стандарттар бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін сұрыптаудың бүкіл жиынтығы жүзеге асырылады, деп хабарлайды ШҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Айта кету керек, бұл еліміздегі осы деңгейдегі жалғыз бірегей зертхана болады.
Облыс әкімінің айтуынша, Өскеменде ашылатын зертхана Қытайға шығатын экспорттық қақпа болмақ.
"Қытай стандарттарына сәйкес сертификаттау – Қытай нарығына есік ашатын кілт. Өйткені, іргемізде 26 млн-нан астам халқы бар, табысы айтарлықтай жоғары ШҰАР провинциясы орналасқан. Қытайда индустриалды революцияға байланысты халықтың тұтынушылық талғамы өзгеруде. Сол себепті аталмыш провинцияның тұрғындары біздің ауыл шаруашылығы өнімдеріміздің тұтынушысы болады. Сондықтан бұл бірінші кезекте өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуда басым бағыт болуы керек", - дейді ол.
Бірегей зертхананы құру үшін облыс әкімдігі жеке тұрған ғимаратты белгіледі. Бүгінгі күні ғимаратты қайта жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттама мен Жол картасы әзірленді. Сонымен қатар Қытайдың инспекция және карантин ғылыми-зерттеу институтының делегациясы Шығыс Қазақстанға келіп, зертханаға арналған ғимаратты тексерген, облыстың экспорттық әлеуетін зерделеп, Өскемендегі зертханалар желісінің бар-жоғын анықтаған.
2019 жылы қытай стандарттары бойынша зертхананың қызмет сапасын аккредитациядан өткізу жоспарлануда, соның арқасында мал және өсімдік шаруашылығының өнімдерін Қытайға кедергісіз экспорттауға мүмкіндік туады.
Қытай Халық Республикасының стандарттарына сәйкес аккредитация жүргізу екі елдің стандарттары бойынша айырмашылықтарға байланысты туындайтын кедергілерді жояды, яғни зертханада сыналатын барлық өнімдер қосымша зерттеу жүргізуді қажет етпестен экспортқа жөнелтіледі.