Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов коронавирус жұқтырған семейлік тұрғындар туралы мәлімет берді. Әлеуметтік желілердегі ресми парақшасында облыс басшысы жағдайды баяндай келіп, олардың қазіргі жағдайына тоқталды.
"Бүгін облысымызда, атап айтқанда, Семей қаласында коронавирус дертінің алғашқы 2 жағдайы расталды. Отбасылық жұп 1959 жылы дүниеге келген. Олар 2020 жылдың 21 наурызында елімізге "Шарм-Эль-Шейх – Нұрсұлтан" рейсімен оралған. Мысырда демалыста болған. Семей қаласына өз көліктерімен жеткен", – деген әкім аталмыш отбасымен жақын байланыста болған адамдар туралы ақпарат берді.
"Олармен бірге отбасы мүшелері, яғни, тағы 5 адам болған. 2020 жылғы 28 наурызда жүргізілген COVID-19 талдауы төрт адамда теріс нәтиже көрсетті. Бір талдау қазіргі уақытта зерттеу барысында. Сонымен қатар, олармен байланыста болған тағы бір адам анықталды. Оның да анализі тексеруге алынды. Қазіргі таңда төртеуі провизорлық стационарға оқшауланған, қалған төртеуі карантиндік стационарда дәрігерлердің бақылауында. ⠀
Айта кетейін, науқастардың жағдайы тұрақты ауырлығы орташа деңгейде. Алғашқы шағымдары дене қызуы мен сирек жөтелге болған. Жедел медициналық көмек бригадасы шұғыл әрекет етіп, алгоритмге сәйкес арнайы капсулаларда оларды стационарға жеткізді. Қазіргі уақытта бұл адамдар тұратын орындарға дезинфекция жұмыстары жүргізілуде. Құрметті шығысқазақстандықтар, жағдай барлық жауапты қызметтердің бақылауында", – деп жазды Даниал Ахметов.
Есжан Ботақара