ШҚО-да коронавирустан қайтыс болған адам жайлы мәлімет берілді

1010

ШҚО-да індеттен 1979 жылы туған әйел көз жұмған.

ШҚО-да коронавирустан қайтыс болған адам жайлы мәлімет берілді

Шығыс Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджанов COVID-19 індетінен қайтыс болған азаматша туралы айтты.

"Өкінішке қарай, коронавирустық инфекциядан 1979 жылы туған әйел көз жұмды. Бұл жағдай Өскемен қаласында тіркелді. Азаматшаны 12 сәуір күні жедел жәрдем бригадасы арнайы провизорлық стационарға жеткізген. Ол жерде арнайы диагностикалық тест өткізіліп, коронавирус індеті расталды. Азаматша арнайы инфекциялық бокстегі интенсивті емдеу палатасына жатқызылды. Түскен кезде науқастың жағдайы аса ауыр болды. Екі жақты пневмония, сол жақты плеврит, жіті респираторлық синдром, миокардит, сонымен қатар ауыр алкагольдік интоксикация диагнозы қойылды", – деп айтып өтті Ілияс Мұхамеджанов.

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысының айтуынша, медицина қызметкерлері науқастың өмірін сақтау үшін барлық көмекті көрсеткен.

"Пациент арнайы желдету аппаратына қосылды. Түнгі уақытта екі мәрте жүрегі тоқтады. Реанимациялық шаралардың арқасында екі рет аман қалғанымен, үшінші рет жүрегі тоқтаған кезде, жансақтау әрекеттері нәтиже бермеді. Азаматшаның өмірін сақтап қалу үшін әріптестеріміз барлық күш-жігерін салды, бірақ өкінішке қарай ол өмірден озды", – дей отырып, денсаулық сақтау басқармасының басшысы марқұмның туған-туыстарына қайғырып көңіл айтты.

Сондай-ақ, қайтыс болған науқаспен байланыста болған 13 адам анықталып, қазіргі кезде оқшауланған. Науқастың тұрғылықты жері мен инфекция ошақтарына дизинфекциялау шаралары жүргізілді.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу