ШҚО-да күнбағыс майы зауытын салуға 450 миллион теңге несие берілді

1372

ШҚО-да күнбағыс майы зауытын салуға 450 миллион теңге  несие берілді

ШҚО-да ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының бірі күнбағыс майы зауытын іске қосады, деп хабарлайды altaynews.kz.

Құрамына Шемонайха, Зырян аудандарындағы он шаруашылық кіретін "ВостокАгроХолдинг" ЖШС осы уақытқа дейін шекілдеуікті шикізат ретінде Қытайға сатып келсе,  көктем шыға күнбағыс  майы зауытын іске қосып,  ол елге  шикізаттың орнына дайын өнім  шығармақ. Өткен жылы кәсіпорын Қытайға 5-10 мың тонна көлемінде күнбағыс дақылын өткізген. Май зауытында жылына 45 мың тонна шекілдеуік өңделіп, өңделген өнімнің бір бөлігі -13-15 мың тонна  күнбағыс майы Қытайға сатылады деп көзделуде.

"Май зауыты күніне 150 тонна шекілдеуікті қайта өңдейтіндей қуаттағы ірі кәсіпорын болады. Зауытқа өнімді жоғары сапалы етіп шығаруға бірден-бір мүмкіндік беретін заманауи құрал-жабдықтар орнатылып жатыр. Жабдықтарды Қытай елінің  ішкі жағындағы алдыңғы қатарлы белгілі компаниялардан сатып алдық. Қазір, міне, Қытай фирмасының мамандары осында келіп, зауытты іске қосуға көмектесіп жатыр, — дейді "ВостокАгроХолдинг" ЖШС басшысы Ержан Нұрбаев. - Құрылысты өзіміздің кәсіпорын  жүргізіп жатыр. Лицензиямыз бар. Осы нысанды бітіргеннен кейін, зауыттың екінші кезегін жалғастырамыз".

Күнбағыс майы  бастапқыда экспортқа вагонмен жөнелтілмек. Зауыттың екінші кезегі іске қосылған  соң, құтыларға құйылып, бөтелкемен сатылады.

700 млн теңге жұмсалып жатқан күнбағыс майы зауытын салу үшін холдинг аграрлық  несие корпорациясынан  8 пайызбен 10 жылға (екі жыл демалысымен ) 450 млн теңге  несие алған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу