ШҚО-да шомылу маусымы басталғалы бері 26 адам суға кеткен. Дәл қазір облыстық құтқарушылар тобы жалпы 7 адамды іздестіріп жатыр, деп хабарлайды 24.kz.
Шығыс Қазақстанда өткен демалыс күндері 1 жасар бала 20 литрлік ыдыста тұрған суға тұншығып, көз жұмды.
Күршім ауданында бір отбасындағы 3 адамды Қара Ертіс ағызып әкеткен. Қазір оларды жергілікті тұрғындардан құралған 80 адам 11 қайықпен іздестіріп жатыр.
Осыған ұқсас қайғылы жағдай өңірдегі өзге аудандарда да қайталанды. Мәселен құтқарушылар Зайсан көлі мен Сасықкөл су қоймасында жоғалған балықшыларды іздестіру үстінде. Өкініштісі, шомылу маусымы басталғалы бері аймақта 26 адам суға батып көз жұмған.
"Дәл қазір облыстық құтқарушылар тобы жалпы 7 адамды іздестіріп жатыр. Өңірде неше күннен бері жауын-шашын болғандықтан, қазір өзен суы көтеріліп кеткен әрі өте лайлы. Сондықтан осы жайттар іздестіру жұмыстарын қиындатып отыр", - дейді облыстық ТЖД баспасөз хатшысы Анастасия Скляр.