ШҚО-да қыруар қаржыға салынған кәсіпорын жоспарға жете алмай отыр

977

ШҚО-да 2 млрд теңгеге жуық қаражатқа салынған кәсіпорынның өнімдері небәрі екі дүкенде ғана сатылады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі "Азаттық рухы" сайтына сілтеп.

ШҚО-да қыруар қаржыға салынған кәсіпорын жоспарға жете алмай отыр

2017 жылы жұмысын бастаған "OstFish" компаниясы Ұлан ауданында орналасқан. Ашылған кезде жыл сайын 45 тонна бекіре мен төрт тонна қара уылдырық өндіруді жоспарлаған. Бірақ арада төрт жыл өтсе де қыруар қаржыға салынған кәсіпорынның өнімдерін қаладағы кез-келген дүкен сөрелерінен таба алмайсыз. 

"Кәсіпорын жобалық қуаттылығына шықпау себебінен өз өнімдерін Өскемен қаласындағы Қаныш Сәтбаев даңғылы бойында орналасқан "Оливье" сауда дүкенінде және Саратовка ауылының маңында орналасқан "OstFish" ЖШС өндіріс орынында саудалап отыр", – дейді Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Лязиза Кенжетаева.

Тұрғындардың пікірінше, "OstFish" компаниясы өнімдерінің бағасы қарапайым халық үшін қымбат. "Оливье" дүкеніндегі 180 граммдық қара уылдырық бағасы – 70 мың, ал 90 грамы – 35 мың теңге.

"Алғашында Алматы мен Қарағандыдан шабақтар әкелдік. Биылдан бастап балықтардан уылдырық алып жатырмыз. Мамыр айында Астраханнан арнайы маман шақырттық. Келер жылы балықтарды жасанды жолмен көбейтуді жоспарлап отырмыз. Осы мақсатта Балық шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығының Алтай филиалымен келсім-шарт жасаймыз. Себебі Қара ертіске шабақтар жіберуіміз керек", – дейді "OstFish" ЖШС өндіріс орынының басшысы Рашид Альчинбаев.

Кәсіпорын басшысы жоспардың орындалмауын өндіріс орнының бір жыл кеш ашылғанымен байланыстырып отыр.

"Біз негізі 2016 жылы ашылып қоюымыз керек еді. 2017 жылы құртшабақтарды алып келдік. Олар 2020 жылы ғана жетіліп өнім бере бастады. Негізі жетілген балықтың салмағы 2,5 килограмм болуы керек. Биыл 150 килограмм уылдырық, 10-12 тонна балық етін ала бастадық. Қазір мұнда 7 000 балық бар. Өнімімізге Еуропа елдері қызығушылық танытып жатыр. Тапсырысты енді-енді қабылдай бастадық", – дейді Рашид Альчинбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу