Шығыс Қазақстанда қыс қаһарына мініп, боранды күндер басталды, деп хабарлайды 24.kz.
Бүгін өңірдің шалғай аудандарындағы күре жолдарда көктайғақ пен қарлы боранның салдарынан бірнеше көлік апатқа ұшырап, қатынас қиындады. Әсіресе Шемонаиха ауданына апаратын тас жол бойында жолдан шығып кеткен көліктер көп. Бұл туралы куәгерлер әлеуметтік желіде де белсене жазып жатыр.
Айта кету керек, өңірде бүгін күн райының бұзылатыны жайлы алдын ала дабылды ескерту жарияланған.
"Әзірге облыстық маңызы бар Өскемен-Самар-Тарғын жол қатынасы барлық көліктер үшін жабық. Егер осындай күн райы жалғаса берсе, басқа да бағыттарда көлік қозғалысына шектеу қойылуы мүмкін. Жолда қалып қойғандар туралы ешқандай ақпарат түскен жоқ. Дегенмен тұрғындарға сақ болуды ескертеміз, жолға шығарда жылы киімдермен қажетті заттарды дайындап, бірге алып шығуға кеңес береміз", - дейді облыстық ТЖД баспасөз хатшысы Анастасия Скляр.