Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха ауданында полицияның тоқтау туралы талабына бағынбаған 21 жастағы жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Патрульдеу кезінде полицейлер жергілікті тұрғын басқарған көлікті тоқтатуға белгі берген. Алайда жүргізуші заңды талапты елемей, қозғалысын жалғастырған. Тәртіп сақшылары оның соңынан қуып, көлікті тоқтатты.
Тексеру барысында жас жігіттен алкогольдік масаңдық белгілері байқалған. Медициналық куәландыру оның орташа дәрежеде мас болғанын растады.
Шемонаиха аудандық сотының шешімімен 21 жастағы жүргізуші 30 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Полиция мас күйде көлік басқару және тәртіп сақшыларының заңды талабына бағынбау жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін ескертті.