ШҚО-да мердігерлер өңірдің құрылыс материалдарын пайдаланбайды

807

ШҚО-да мердігерлер өңірдің құрылыс материалдарын пайдаланбайды

Облыста өтетін жол жөндеуге арналған тендерлерді жекелеген компаниялар ғана жеңе береді. Сондай-ақ, барлық деңгейдегі жолдарды жөндеуге байланысты көптеген олқылық анықталған. Бұл туралы  әкімдік отырысында аймақ басшысы айтып, сала жетекшілерін сынға алды, деп хабарлайды altaynews.kz.

Әсіресе,Семейден Абай ауданының орталығы – Қарауыл ауылына дейінгі жолды жөндеу үшін жарияланған тендерге қатысты облыс әкімі бірқатар кемшілік анықтаған.

"Жалпы қашықтығы 117 шақырымды құрайтын тас жолды жөндеуге бір ғана семейлік мердігер тартылған. Ал келесі бір мердігерге 12 шақырымдық трасса берілген. Екеуіндегі техниканың саны бірдей. Жол жөндеуге беріліп отырған мерзім де бірдей. Мұны қалай түсінуге болады?! Ал біздің облыста жол жөндеумен шұғылданатын және қазір бос отырған қаншама  компаниялар бар?  Неге бір мердігерге осыншама басымдық беріледі?!" – деген аймақ басшысы облыстық мәслихат хатшысына арнайы комиссия құрып, мәселені тиянақты тексеруді жүктеді.

Тексеру барысында  басқа да бассыздықтар анықталылған. Белгілі болғандай, облыс жолдарын жөндеу кезінде жергілікті материалдар, оның ішінде темір-бетон бұйымдары мүлдем қолданылмаған болып шықты. Облыста үш бірдей цемент зауыты жұмыс істеп тұр. Дейтұрғанмен, жол жөндеуші компаниялар қажетті құрылыс материалдарын сонау Алматы  облысынан тасымалдауда.

"Іске кіріспес бұрын құрылыс материалдарына, олардың сапасы мен құнына талдау жүргізілуге тиіс болатын. Көрші өңірлерден тасығанша, өзіміздегі өнімді пайдаланған дұрыс болар еді. Осы ретте жолға қажетті құрылыс материалдарын өндіретін жергілікті компания жетекшілерін шақырып, олардың пікірін білу керек", – деді мәселеге қатысты облыс әкімі Даниал Ахметов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу