ШҚО-да миллиардтаған қаржыға салынған құрылыс аяқсыз қалған

878

ШҚО-да миллиардтаған қаржыға салынған құрылыс аяқсыз қалған

Шығыстағы Жарма ауданына қарасты Шуақ ауылында жылыту орталығын салу үшін ел қазынасынан 2 миллиард 697 миллион теңге бөлінген. Алайда осыдан 7 жыл бұрын басталған құрылыс аяқсыз қалған, деп хабарлайды Хабар телеарнасы.
Ат шаптырым аумақты алып жатқан жылыту орталығының құрылысы 2011 жылы басталды. Құжат бойынша 2013 жылы аяқталып, Шуақ ауылына жылу берілуі керек еді. 

Жылу орталығын салуға тендерді "СМП Алматы" атты компания жеңіп алады. Бастапқыда мердігер компания құрылысты қарқынды жүргізіп, жұмыстың 80 пайызын атқарғанымен, аяқсыз қалдырған. Қаңырап бос қалған жаңа қазандықтың ғимараты біртіндеп бүліне бастаған. Мұндағы дүние-мүлік тоналып кетпес үшін күзетшілер құрылыс басталған 2011 жылдан бері қас-қақпай қарап жүр. Мәселен, бір мотордың өзі 1 миллион теңге тұрады. Күзетшілердің айтуынша, қымбат құрал-жабдықтың бәрі орнында тұр.

Құрылыс жұмысын аяқсыз қалдырған мердігер компания жетекшісінің қаржы жымқырғаны анықталды. Шетел асып кеткен жерінен ұсталған. Оған қатысты іс қозғалды. Ал аудандық құрылыс бөлімінің бұрынғы басшысының да қаржылық құйтырқылыққа қатысы бар екені дәлелденіп, жазасын өтеп шықты. Қаржы жымқырғандар ұсталғанымен, қазандықты іске қосу үшін тағы миллиондаған теңге керек.
"Жобалық-сметалық жұмыстарына түзетулер енгізу керек. Сондықтан бұл түзету бойынша қаражат бөлінуге тиіс. Сол қаражаттар 10-20 миллионға таяу болуы мүмкін", - дейді  Жарма ауданы әкімінің орынбасары Нұрлыбек Нұрғалиев.

Төрт қазандықтан тұратын орталық сағатына 6,5 гигакалория жылу шығарады. Шуақ ауылында қазір көп қабатты 9 үй, 4 түзеу мекемесі және бір орта мектеп бар. 1400 ғана тұрғыны бар шағын ауылға алып орталықтың қаншалықты қажет болғанын ешкім айта алмайды. Ал қазір ауылды жылытып тұрған қазандықтың қолданыс мерзімі өткен. Бірер жыл бұрын қазандық бұзылып, аязды күні бүкіл ауыл апталап жылусыз отырған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу