Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында полицей екі жұмысшының өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Молодежный" КМК-нің екі қызметкері кәріз құбырларын тазалап жатқан кезде жұмысшылардың бірі құдыққа түсіп, есінен танып қалған. Оған көмектеспек болған екінші қызметкер де құдыққа түсіп, есінен айырылған.
Оқиғаны сол маңнан өтіп бара жатқан Ұлан ауданының криминалисі Асет Нағашбаев байқап, бірден учаскелік полиция инспекторына хабарлаған.
Оқиға орнына полиция майоры Нұрдәулет Тетепов келген. Жағдайдың қауіпті екенін түсінген ол арқан сұратып, оны бекітіп, еш кідірместен кәріз құдығына түскен.
Полицей алдымен бір жұмысшыны, кейін екіншісін сыртқа алып шыққан. Құтқарылған екі азамат жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды.
Осылайша Асет Нағашбаевтың дер кезінде әрекет етуі мен Нұрдәулет Тетеповтің батылдығы екі адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді.