Өскемен қаласының бес полиция қызметкері блогерді тіл тигізді деп айыптап, бес миллион теңге талап етті, деп хабарлайды kaz.altaynews.kz.
Қалалық ІІБ қызметкерлері өздерін бейнежабзаға түсіріп, әлеуметтік желіге салған азаматтың үстінен сотқа шағым түсіріп отыр. Жазбалардың бірінде автор полицейді арнаулы бас киімсіз жүр деп айыптаса, тағы бір бейнероликте полиция қызметкерін қауіпсіздік белдігін тақпаған және автокөлік фарларын жақпай жүр деп жазғырады. Сондай-ақ, оның көлікте жұмыс уақытында ұйықтап жатқан екі полицейді де видеоға түсіріп алған екен. Қазір бұл бейнежазбалардың барлығы әлеуметтік желіден өшірілді.
Тәртіп сақшыларын нақты не ренжітті? Олар желіге таралған роликтер жеке бастарының ар-намысына нұқсан келтіріп, таныстары, туыстары мен басшылықтың алдында абыройларын төкті деген пікірде.
Бұл әрекеті үшін полицейлердің әрқайсысы жауапкерден моральдік зиян үшін бір миллион теңгеден және сот шығындарын өтеуге 40 мың теңгеден талап етеді.
Дегенмен, сот шешімі бойынша блогер кінәсіз деп табылып, тәртіп сақшыларының талап арыздары қанағаттандырылмады. Ол өтемақыны да, сот шығындарын да төлемейтін болды.
Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.